Кеңес тақырыбы: «Балаларды халық педагогикасы арқылы ұлттық жас ерекшелігі мәдениетіне тәрбиелеу»
«Әрбір тәрбиеші сөз жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиені сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»
М.Жұмабаев.
Мақал-мәтелдер – халықтың ауызша ақындық шығармашылығының көп тараған ескерткіштері. Ғасырлар бойы халықтың әлеуметтік тарихи тәжірибесі туралы нақыл сөздер арқылы халықтың ой-пікірі, арманы, көзқарасы баяндалған. Қасиетті сөздерді қазақ халқы қастерлеп өнеге етіп, адамдардың өлең өрнектерімен ойластырып мақал-мәтелдерді үнемі пайдаланып келген. Мақал-мәтелдер халық өмірінің барлық жағынан қамтылған.
Жұмбақтар. Халық арасында жылдам айтылып келе жатқан жұмбақтардың саны көптеп саналады. Жұмбақ балалардың қиялын, танымдық іс-әрекетін, қабілетін дамытады. Оның жауабын табу үшін мазмұнын талдап ой елегінен өткізеді. Жұмбақтың тәрбиелік мәні өте зор.
Халқымыз ғасырлар бойы өз ұрпағын адамгершілікке, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп келді. Осы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрдің өзегі, алтын діңгегі халықтық педагогика болды деуге болады..
Ертегілер - мектеп жасына дейінгі балалардың ой – өрісін дамытып, қиялын шарықтатып, тіл байлығын молайтуда ертегінің рөлі зор. Ертегі - қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиетінің көлемді саласының бірі. Одан бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әрекетінен бой тартып жақсылыққа құмартады
Ұлт салт-дәстүрлердің тәлімдік мәні.
Салт-дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Жеке адам жаңа салтты ойлап шығара алмайды немесе бұрынғы қалыптасқан салтты жоғалта алмайды. Бүкіл халық, ел-жұрт уақыт озған сайын салт-дәстүрге жаналық енгізіп, оны қоғамдық болмыс көріністеріне бейімдеп, өзгертіп отырады. Ал жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды.
Ұлттық ойындар. Қазақ халқының өмір кешкен тарихында ұлттық ойындардың көптеген түрлері балалық, жеткіншектік, жасөспірімдік сияқтағы балалар тәрбиесінде пайдаланылады. Ойын тек көңіл көтеру, шаттандыру ғана емес, ол өзінше ерекше қазақ халықының әлеуметтік өміріне байланысты тәрбиелік мағынасы зор жеке адамның дамуына, жетілуіне әсер етуші фактор. Жиі қолданылып келген бірнеше ойын түрлерін атап өтуге болады. Олар: «Ақ серек- көк серек», «Айгөлек», «Жаяу жарыс», «Соқыр теке», «Ақ боран», «Төбетей», «Бәйге», «Орамал тастау» және Асық ойындары т.б.
Осылардың ішінде Асық ойындарына тоқталып өтсек: Балабақша тәрбиешілері асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысады. Асық ату ойыны арқылы балалардың мергендігін дамытуға, асықпен ойнайтын сан алуан ойындар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Ересек топтар үшін тапсырма қызықты әрі пайдалы. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілеті артады, эстетикалық талғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдыққа үйренеді. Асықтан құралған тақтайшалармен жүру арқылы балалардың аяқ, қол еті қатаяды, қабілеті артады. Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақтабанның алдын алуға болады.
Қорыта айтқанда, жас буынға халқымыздың рухани байлығын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең таныстырып, ойшылдарымыздың педагогикалық ой-пікірін оқу-тәрбие ісінің тірегіне айналдыру, яғни рухани эстетикалық, ұлттық тәрбиенің жаңарған жүйесін жасау бүгінгі өзекті мәселесі болу керек.